Accessibility links

Атыраудағы сотқа бүгін Макс Боқаев келмеді


Белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 19 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 19 қазан 2016 жыл.

Атырауда белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша өтіп жатқан сотқа бүгін Боқаев келе алмады.

Бүгінгі сотта куәгерлер Ринат Қибраев пен Марлен Есенбаев қашықтан видео конференция арқылы жауап беруі тиіс болған. Бірақ сотқа Талғат Аян ғана келіп, Макс Боқаев денсаулығына байланысты келе алмағандықтан сот басталмай жатып үзіліс жарияланды. Судья Гүлнәр Дәулешова прокурорларға белсенділер қамауда отырған абақтыдан Макс Боқаевтың денсаулық жағдайын анықтап, дәрігерлерден анықтама әкелуді тапсырды.

Бұдан соң Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанар Боқаева судьядан абақтыға барып, Боқаевтың денсаулығын біліп келуге сұранған. Бірақ судья Жанар Боқаеваның медициналық білімі жоқ болғандықтан "Боқаевтың қандай жағдайда екенін дәл анықтай алмайды" деп, оған рұқсат бермеді.

Белсенді Ринат Кибраев пен Марлен Есенбаев тергеуде Макс Боқаев пен Талғат Аянға қарсы куәлік берді. Бұған дейінгі сотта айыпталушылар мен адвокаттар куәгерлерден қашықтан видео конференция арқылы жауап алуға қарсылық білдірген.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингіден соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG