Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында сурет пен видео түсіруге шектеу қойылды


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта отыр. 12 қазан 2016 жыл.

Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта отыр. 12 қазан 2016 жыл.

Атырауда белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында суретке түсіруге, аудио және видео жазба жасауға шектеу қойды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін Боқаев пен Аянның соты жалғасатын кезде Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев журналистерді арнайы монитор орнатылған бөлмеге жинап, соттың сол бөлмеден тыс аумағында суретке түсіруге, аудио және видео жазбалар жасауға тыйым салды. Ғалиевтің сөзіне қарағанда, қалалық сотта Боқаев пен Аянның ісінен бөлек басқа да сот процестері, оның ішінде терроризмге қатысты сот ісі қаралып жатыр және "кейбір сотталушылар журналистердің фотоаппараттарына түсіп қалып жатыр". Ол осыған байланысты белсенділер соты кезінде тек монитор орнатылған бөлмеде материал дайындау қажетін айтты.

Ғалиев қандай да бір журналист бұл ережеге бағынбай, сот залынан сурет пен видеоға түсірсе, сот ғимаратынан бірден шығарылатынын ескертті.

Бұған дейін сот приставтары соттан тікелей трансляция жасап жатқан Азаттық тілшісіне сот залынан видео түсіруге кедергі келтірген еді.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG