Accessibility links

Адвокаттары: Талғат Аян "қарсылық ретінде" білегін жарақаттаған


Адвокат Төлепқали Аянов.

Адвокат Төлепқали Аянов.

Атырауда сотталып жатқан белсенділердің бірі Талғат Аян "сот процесіне қарсылық ретінде білегін жарақаттады" деп хабарлады Аянның адвокаттары.

Адвокат Төлепқали Аяновтың Азаттыққа айтуынша, ол кеше түнде Макс Боқаевтың жағдайын білмек болып абақтыға барғанда Талғат Аянның "қолын жарақаттағанын" айтқан. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Талғат Аянға "абақтыда медициналық жәрдем көрсетілмеген, тек жедел топ келіп, түсінік алып кеткен".

Бүгін таңертең жалғасатын сотқа абақтыдан Талғат Аянды ғана алып келді. Макс Боқаевтың денсаулығы нашарлап, ауырып қалғаны хабарланып, сотта үзіліс жарияланған.

Талғат Аянның адвокаттарының бірі Ерболат Иманғалиев бүгін сот залына кіріп, сотталушының жағдайын біліп шықты. Оның Азаттыққа айтуына қарағанда, Талғат Аян кеше түнде "наразылық ретінде" оң қолының білек тамыры тұсын кесуге әрекеттенгенін айтқан. "Оған жедел жәрдем келіп, дәрігерлік көмек көрсеткен. Қазір қолын дәкемен таңып алған, жағдайы дұрыс. Сотқа қатысады" деді адвокат.

Белсенділер тергеу аясында қамауда отырған УГ 157/1 абақтысы мен қылмыстық атқару жүйесі департаменті Талғат Аянның қазіргі жағдайы туралы ақпаратты тек ресми сауал хат арқылы беретінін айтты.

Бұған дейінгі сот отырыстарында Талғат Аян мен Макс Боқаев және олардың адвокаттары куәлерден қашықтан видео конференция арқылы жауап алуға қарсылық білдіріп, куәлерді сотқа алып келуді талап еткен. Бірақ талаптары орындалмаған.

XS
SM
MD
LG