Accessibility links

Аян мен Боқаев өздерінің сотына бүгін де қатыспады


Ринат Кибраев белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында видео конференция арқылы сөйлеп тұр. Атырау, 19 қазан 2016 жыл.

Ринат Кибраев белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында видео конференция арқылы сөйлеп тұр. Атырау, 19 қазан 2016 жыл.

Атырауда өтіп жатқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты бүгін де сотталушылардың қатысуынсыз жалғасты. Олардың адвокаттары да сотқа қатысудан бас тарты. Түстен кейінгі сотта тергеуде Боқаев пен Аянға қарсы куәлік берген белсенді Ринат Кибраевтан жауап алына бастады.

Судья Гүлнәр Дәулешова Ринат Кибраевтан сотта жеке бас мәліметтерін анықтап, оның құқығын, оның ішінде куәлігінен бас тартуға хақы барын түсіндірген соң одан жауап алудың негізгі бөлігі басталды.

Түске дейінгі сотта Макс Боқаев денсаулығына байланысты сотқа қатысудан бас тартқан. Боқаевтың адвокаттары оның денсаулығы жақсарғанша сотты кейінге қалдыруды сұраған. Ал Талғат Аянның "өз қолын өзі жарақаттағаны" хабарланған. Аянның адвокаты Төлепқали Аянов оның психологиялық жағдайы нашарлағанын айтып, сотты кейінге қалдыруға талап-арыз берген.

Бірақ судья Боқаевқа дәрігерлер қойған созылмалы холецистит деген диагнозы оның сотқа қатысуына кедергі бола алмайтынын айтты. Судья Аянның психологиялық жағдайын адвокаттың өзі ғана анықтағанын, дәрігерлер оның екі қолында жарақат ізі ғана бар дегенін айтып, мұның барлығы сотқа қатысуына кедергі бола алмайтынын жеткізді. Прокурорлар адвокаттардың талап-арыздарын қанағаттандырмауды сұрады.

Түстен кейінгі сотта Талғат Аян өзіне қарсы куәлікті онлайн арқылы тыңдаудан бас тартып", залдан шығаруды сұрады. Судья оған залдан шығауға рұқсат берді.

Аян мен Боқаев кеше түстен кейін де тергеуде өздеріне қарсы куәлік берген Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауовтың сотта жүзбе-жүз жауап беруін талап етіп, сотқа қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG