Accessibility links

«Уральская неделя» полицейге 3,5 млн теңге төлейтін болды


"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Еслямова. Орал, 19 қазан 2016 жыл.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Еслямова. Орал, 19 қазан 2016 жыл.

Орал қаласының соты учаскелік полицей Данияр Рақышевтың "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың үстінен түсірген шағымын жарым-жартылай орындады.

Сот Данияр Рақышевке 3,5 миллион теңге төлеуге үкім етті. Оның 2 миллион теңгесін - "Журналистік бастама" ұйымы, ал 1,5 миллион теңгесі Тамара Еслямова төлеуі тиіс.

Полицей "Уральская неделя" басылымында жарияланған "Майор Рақышев сияқтылар неден қорқады?" деген мақалаға қатысты шағым түсірген. Еслямова мақаласында "21 мамырда Оралдағы жер сатуға қарсы акцияға келген журналистерді полиция жаппай ұстағаннан кейін Рақышев тілшілерден кешірім сұрады" деп жазған. Ал Данияр Рақышев ешкімнен кешірім сұрамағанын айтқан.

Полицей "материал авторы беделіме нұқсан келтірді" деп мәлімдеп, журналистен 10 миллион теңге (30 мың доллар) талап еткен.

Тамара Еслямова бүгінгі сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым беретінін айтты.

Батыс Қазақстандағы 2001 жылы ашылған «Уральская неделя» апталық басылымы бұған дейін бірнеге рет осындай айыппұл төлеуге кесілген.

XS
SM
MD
LG