Accessibility links

OMCT Астананы Боқаев пен Аянды қудалауын тоқтатуға шақырды


Макс Боқаев пен Талғат Аян сотта тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аян сотта тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Дүниежүзілік азаптауға қарсы комитет (OMCT) пен Халықаралық адам құқығы жөніндегі федерацияның (FIDH) біріккен құқық қорғаушыларды қорғау жөніндегі тобы белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевтың сотында көптеген заң бұзушылық болып жатқанын мәлімдеді. Топ сот басталғанға дейін және сот барысында белсенділердің құқығы ескерілмейтінін айыптап, Астананы Боқаев пен Аянға тағылған айыптарды дереу алып тастауға және олар мен басқа да құқық қорғаушыларды қудалауды тоқтатуға шақырды.

Құқық қорғаушыларды қорғау тобы Боқаев пен Аянның сотында адвокаттардың судья Гүлнәр Дәулешоваға "процессуалдық заң бұзушылықтар жасағаны" үшін білдірген қарсылығы қанағаттандырылмағанын, сот сараптама орталығының сараптама жүргізді делінген мамандарының қызметіне қатысты күмәндары да қабылданбағанын айтады. Топ судья адвокаттардың Боқаев пен Аянды бұлтартпау шарасын өзгерту, сотталушылардың денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге қалдыру, куәлерден қашықтан емес, сотқа әкеліп жауап алу туралы талап-арыздарын да қанғаттандырмағанын айтады.

Құқық қорғаушыларды қорғау тобы осыған байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан, бас прокурор Жақып Асанов, адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Жанар Айтжановадан Боқаев пен Аянға тағылған айыптың дереу және шартсыз алынуын, оларға және қазақстандық басқа құқық қорғаушыларға қарсы барлық сотпен қудалауды тоқтатуға шақырады.

Үндеуде құқық қорғаушыларды қорғау тобы аталған белсенділер мен өзге де құқық қорғаушыларға физикалық және психологиялық тұрғыдан қол сұғылмайтынына кепілдік беруге, заңның бейбіт жиындар өткізуге тыйым салатын, сөз бостандығын шектейтін ережелерін жоюға, БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі декларациясын орындауға шақырады.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингіден соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG