Accessibility links

Тәжікстан Ауғанстанмен шекарада Қытаймен бірге әскери жаттығу бастады


Әскери жаттығуға дайындалып жатқан тәжік әскерилері. Тәжікстан, қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Әскери жаттығуға дайындалып жатқан тәжік әскерилері. Тәжікстан, қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Тәжікстан Қытаймен бірге Ауғанстан шекарасына жақын аймақта әскери жаттығу бастады.

Тәжікстан қорғаныс министрлігі жаттығу қазанның 24-іне дейін жалғасатынын және оған 10 мың әскери қызметкер мен әскери техникалар, тікұшақтар қатысатынын хабарлады.

Тәжік билігі өткен айда Қытайдың Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы 1300 километрді құрайтын шекарада қауіпсіздікті күшейту үшін инфрақұрылым нысандарын салатынын мәлімдеген. Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы - Орталық Азиядағы есірткі тасымалданатын басты аймақ саналады.

Қытай мен Тәжікстан өткен жылы Пәкістан және Ауғанстанмен бірге терроризмге қарсы альянс құрған.

Қытайдың мазасыз Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданымен шектесетін Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі - бір кездері Ресей үшін маңызды болған. Бірақ Қытай аймақтағы ықпалын күрт арттырды, ал биыл тамызда Бішкектегі Қытай елшілігіне жасалған шабуылдан соң Пекиннің қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығы күшейді.

Қырғызстан билігі үш адам жараланып, жанкештінің өзі мерт болған шабуылға ұйғыр радикалдарын айыптаған.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы қауіпсіздікке қатысты ықпалы Өзбекстан мен Қырғызстан өз әуе базаларын АҚШ-қа Ауғанстанда операция жүргізу үшін пайдалануға беру келісімін тоқтатқан соң азайған.

XS
SM
MD
LG