Accessibility links

Рудныйда "бомба туралы жалған ақпар таратқан" тұрғын сотталды


Рудныйдағы Иоанн Боголсов храмы (Көрнекі сурет).

Рудныйдағы Иоанн Боголсов храмы (Көрнекі сурет).

Рудный қалалық соты жас жігітті терроризм актісі туралы жалған ақпар таратты деген айыппен екі жылға соттады деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот материалдары бойынша, 23 жастағы Ерлан Акмырзаев 1 қыркүйек күні кешке Рудныйдың Ленин көшесіндегі көп қабатты №70 үйдегі лифт қабырғасына маркермен "5 қыркүйекке қараған түні мерт боласыздар", "Үйлеріңізде бомба жарылады" деп жазып кеткен. Бұдан соң 5 қыркүйекке қараған түні аталған үйдің тұрғындары эвакуацияланған. Тұрғындарға үйлеріне 5 қыркүйек күні кешке - жарылғыш зат бары туралы ақпарат расталмаған соң оралуға рұқсат берілген.

Рудный қалалық сотының үкімі бойынша, Ақмырзаев жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Сот сонымен қатар сотталушыны "бомба туралы" ақпарды тексерген мекемелерге үш миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттеген.

Сот ақпаратына қарағанда, сотқа дейінгі тергеуде прокурорлар мен сотталушы арасында процессуалдық келісім жасалған. Үкім әзірге заңды күшіне енбеген.

XS
SM
MD
LG