Accessibility links

AI интернет компанияларын ақпаратты шифрлау қызметін енгізуге шақырады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі ең танымал хат-хабар қосымшасы бар 11 интернет компанияның тұтынушылардың онлайндағы қауіпсіздігі мен ой-пікірін білдіру еркіндігін қаншалықты қорғайтынына қатысты рейтинг жасады. Ұйым рейтингке 16 хат-хабар алмасу қосымшасын, олардың ішінде Scype, Snapchat Facebook Messenger сияқты қосымшаны қосқан.

"Әсіресе, біз олардың клиенттің сурет, видеолары және жазған хаттарының бөтен тараптың аңдуынан қорғайтын шифрлау қызметін қаншалықты енгізіп жатқанын назарға алдық" деленген AI мәлімдемесінде.

AI Facebook компаниясының жиыны 2 миллиардтан астам қолданушысы бар WhatsApp және Messenger қосымшалары қолданушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қорғау рейтингісінде мүмкін боларлық 100 ұпайдан 73 ұпай жинағанын айтады. Компания аталған қосымшаларында адам құқығын бұзбау жолында мәліметті шифрлауды барынша дамытып жатқаны және оны барынша ашық жүргізетіні айтылады.

Шифрлау қызметі міндетті түрде қосылған қосымшалар арасында Apple компаниясының Apple Facetime, Apple Message, Line, Viber қосымшалары бар.

Шифрлау қызметі бар, бірақ ол міндетті опция ретінде ұсынылмайтын қосымшалар арасында Facebook Messenger, Google Allo, Telegram Messenger, Kakao Talk қосымшалары енгізілген.

AI шифрлау қызметі мүлдем жоқ қосымшалар қатарына Microsoft-тың Scype қосымшасы, Google-дың Hangouts қосымшасы, Snapchat, Blackberry Messenger қосымшаларын кіргізген.

"Коммуникациялық құралдарымыз үнемі кибер қылмыскерлердің, хакерлер мен жекелеген мемлекеттердің тыңшылық әрекеттерінің шабуылына ұшырайды. Әсіресе хат-хабар алмасу қосымшалары арқылы ақпарат алмасатын белсенділер мен журналистерге жиі қауіп төнеді" дейді AI.

Құқық қорғау ұйымы осыған байланысты интернет компанияларын қосымшаларына шифрлау қызметін міндетті опция ретінде енгізуге және ол туралы қолданушыларды айқын хабардар етуге шақырады.

XS
SM
MD
LG