Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында министрлік өкілдері сұралды


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Атырау қаласындағы жер реформасына қатысты митингіден соң қамауға алынған Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында 21 қазан күні түстен кейін ауыл шаруашылығы министрлігі мен ішкі істер министрі қызметкерлері куəгер ретінде онлайн арқылы жауап берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің сарапшысы Əлия Сейітова мен бас сарапшысы Дəулет Бижановқа "жерді Қытайға немесе қытай компанияларына, азаматтарына сату жоспары" туралы, кадастрдағы жер иелері жайлы мəліметтер жөнінде сауалдар қойылды.

Əлия Сейітова мен Дəулет Бижанов "ондай мəселені білмейтіндерін", "ол өздерінің қызметіне кірмейтінін" айтты. Олар "Шығыс Қазақстандағы қытай азаматтары игеріп жатқан жерден" де хабарсыз екенін мәлімдеді. Жауап алу барысында Əлия Сейітованың халі нашарлап, процесс барысында сəл үзіліс жасалды.

Ал ішкі істер министрлігінің көші қон полициясы басқарма бастығы Сабыржан Сейітжанов сотта берген жауабында "соңғы 10 жылда Қытайдың 78 мың азаматы Қазақстан азаматтығын алған" деген дерек айтты.

"Оның 81-і ғана - этникалық қытайлар, оның өзінде қазақтармен тұрмыс құрған хансулар немесе ертеректе иммиграциямен келгендер" деді Сабыржан Сейітжанов.

Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты 12 қазанда басталған бұл соттың келесі отырысы 24 қазанда өтпек.

Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Оларға әуелде «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған. Шілде айында белсенділерге тағылған айыптар өзгертіліп, олардың ісі «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру», «жалған ақпарат тарату» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізу тәртібін бұзу» баптары бойынша қаралатын болған. Азаматтық белсенділер бұл айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG