Accessibility links

Қырғызстанда тағы бір баптист әйелді ауыл зиратына жерлеуге қарсылық білдірген


Бішкек маңындағы христиандар зираты. (Көрнекі сурет.)
Бішкек маңындағы христиандар зираты. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстанның Ыстықкөл облысы Ақсу ауданындағы Теплоключенка ауылы тұрғындарымен билік өкілдері өткізген келіссөздерден кейін баптистік діни ағымдағы әйелдің сүйегі жергілікті ескі зиратқа жерленген. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Елшібек Жантаев хабарлады. Оның сөзінше, әйелді ескі зиратқа бүгін, қазанның 22-і күні жерлеген.

Кеше ауыл тұрғындары 60 жастағы баптистік сенімдегі әйелді жерлеуге рұқсат бермей қойғаны мәлім болған еді. Осыдан 15 жыл бұрын баптистік діни ағымға бет бұрған марқұмды жергілікті мұсылман зиратына жерлеуге ауылдастары қарсы болған. Бұл мәселеге байланысты Теплоключенка ауылында тұрғындар жиын өткізген, бірақ мәмілеге келе алмаған.

Бұған дейін Қырғызстанның Жалалабад облысындағы Алабука ауданында осыған ұқсас жайт болған еді. Баптистік діни ағымды ұстанған 76 жастағы қырғыз әйелін ауыл зиратына қойғаннан кейін ауылдастары наразылық білдірген. Ақыр соңында марқұмның сүйегін зираттан қазып алып, басқа жерге (қайда екені айтылмайды) қайта жерлеген.

XS
SM
MD
LG