Accessibility links

АҚШ пен Еуропада көлемді хакерлік шабуыл жасалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жұма күні АҚШ-тың бірқатар бөлігі мен Еуропаның кей елдеріндегі компьютер желілеріне көлемді хакерлік шабуылдар жасалып, салдарынан Twiiter, Redit, Spotify, Paypal, Netflix және басқа танымал сайттар бірнеше сағат бойы ашылмай қалған.

Әзірше кімдер екені белгісіз хакерлер АҚШ-тың Нью-Гемпшир штатында орналасқан Dyn компаниясын нысанаға алған. Бұл компания АҚШ территориясындағы интернетпен ақпарат алмасудың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жұма күні таңертең оның серверлеріне компьютерлер мен өзге де электрондық құрылғылардан хакерлер жасаған көлемді шабуыл кесірінен интернет қолданушылары танымал сайттарға кіре алмаған.

Dyn компаниясының өкілі Кайл Йорк шабуыл барысында хакерлердің тапқырлықпен әрекет жасағанын айтады. «Біз проблеманы ауыздықтай бастасақ олар жауап қайтарады. Осылайша бірнеше рет қайталанды. Бұл біз үшін жақсы сабақ болды» деп мәлімдеді ол.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнестің айтуынша, АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі ахуалды назарда ұстап отыр, бірақ бұл шабуылдардың артында кім тұрғаны жайлы нақты ақпарат жоқ.

Мұндай хакерлік шабуылдар сирек құбылыс болмағанымен, бұл жолғы шабуыл көлемділігімен ерекшеленіп отыр.

XS
SM
MD
LG