Accessibility links

"Күлекбаевтың ісі" бойынша куәлерден жауап алып жатыр


Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша сот өтіп жатқан Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторы. 24 қазан 2016 жыл.
Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша сот өтіп жатқан Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторы. 24 қазан 2016 жыл.

Алматыда шілдеде болған қарулы шабуылға күдікті Руслан Күлекбаевтың ісі бойынша сотта куәлерден жауап алынып жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. 26 жастағы Күлекбаевтың соты Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторында ашық түрде өтіп жатыр.

Сотта әуелі күдіктілердің жеке бас мәліметтері нақтылап сұралып, оқиғаға куә болды делінгендерден, жәбірленушілер мен олардың туыстарынан жауап алынып жатыр. Азаттық тілшісінің айтуынша, сотта жауап берген алматылық бизнесмен Вячеслав Мещеряков өзіне 2015 жылы қарашада Күлекбаевтың өзіне үйінің алдында "қарақшылық шабуыл жасағанын" айтты. Оның сөзінше, Күлекбаев өзін травматикалық тапаншамен атып, ішінде планшеті бар қол сөмкесін тартып әкеткен.

Жәбірленуші Күлекбаевты құқық қорғау органы қызметкерлері өзіне күдіктінің суретін көрсеткенде танығанын айтады.

Іс бойынша Руслан Күлекбаевтан өзге бес адам сотқа тартылған. Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомынға «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айыптар тағылған. Ол шабуылға қатысты жайттар әзірше анық емес.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, өзге бес сотталушының адвокаты Шәмен Жайылқанов сотта олардың "Күлекбаев жасаған қарулы шабуылдарға қатысы жоғын" мәлімдеген.

"Күлекбаев ісі" бойынша тергеу ол шабуылдан соң бірден ұсталған 18 шілде күні басталған. Билік шабуылды теракт деп атаған. Бұл іс бойынша сот материалдары 61 томнан тұрады.

"Күлекбаев ісі" бойынша соттың алдын ала тыңдауы 17 қазанда өткен.

XS
SM
MD
LG