Accessibility links

Судья Руслан Күлекбаевты сот залынан шығарып жіберді


Руслан Күлекбаев сот залында отыр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Руслан Күлекбаев сот залында отыр. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Алматыдағы қарулы шабуылға қатысты күдікті Руслан Күлекбаевты өзінің үстінен өтіп жатқан сот процесінен "судья талабына бағынбады" деп шығарып жіберді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

24 қазандағы сот тыңдауында 26 жастағы Руслан Күлекбаев денсаулығына байланысты сауалдарға отырып жауап беруді сұрап, сот оны қанағаттандырған. Бүгін судья оған алдыңғы қатардағы орынға отыруды сұраған. Бірақ ол судья айтқан орынға отырудан бас тартты. Судья оған сот тәртібіне бағынуы тиіс екенін ескертіп, оны сот залынан шығаруға бұйырды. Бұдан соң Күлекбаевты қарауылдар алып кетіп, сот одан ары жалғасты.

Бүгінгі сотта жәбірленушілердің кейбір туыстары мен куәгерлер сұралады. Кешегі сотта жәбірленушілер мен айыпталушылар, оның ішінде Күлекбаев та сөйлеген.

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Күлекбаев кеше сотта 18 шілдеде Алматыда қарулы шабуылды қалай жасағаны, полиция қызметкерлерін қалай өлтіргені туралы айтқан. Бірақ ол өзіне тағылған "кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады" деген айыпты мойындамаған.

Кешегі сотта жәбірленуші, өзін кәсіпкер деп таныстырған Вячеслав Мещеряков 2015 жылы қарашада Күлекбаевтың өзіне үйінің алдында "қарақшылық шабуыл жасағанын" айтқан.

Іс бойынша Руслан Күлекбаевтан өзге бес адам сотқа тартылған. Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомынға «заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айыптар тағылған.

"Күлекбаев ісі" бойынша тергеу ол шабуылдан соң бірден ұсталған 18 шілде күні басталған. Билік шабуылды теракт деп атаған. Бұл іс бойынша сот материалдары 61 томнан тұрады.

"Күлекбаев ісі" бойынша соттың алдын ала тыңдауы 17 қазанда өткен.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG