Accessibility links

Ақтөбеде "Сирияға кетпек болған" тұрғын 12 жылға сотталды


Ақтөбеде "Сирияға кетпек болды" деп айыпталған Нұрлан Өмірбеков пен оның екі серігі (артқы жақта) сот залында тұр. Ақтөбе, 25 қазан 2016 жыл.
Ақтөбеде "Сирияға кетпек болды" деп айыпталған Нұрлан Өмірбеков пен оның екі серігі (артқы жақта) сот залында тұр. Ақтөбе, 25 қазан 2016 жыл.

Ақтөбеде "Сирияға кетпек болды" деп айыпталған, тергеу абақтысында аштық жариялаған Нұрлан Өмірбеков сотталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ақтөбе облыстық сотының ақпаратына қарағанда, Ақтөбенің №2 соты 25 қазан күні Өмірбековті "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық, діни алауыздықты қоздырды", "терроризмді насихаттады немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырды", "адам ұрлады", "кісі тонады", "бопсалады" деп айыптады. Сот бұл айыптар бойынша Өмірбековті 12 жылға соттап, жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім кесті.

Бұл іс бойынша Өмірбековпен бірге оның күдікті екі серігі Р.Жаңажанов пен Р.Бердешов те "кісі ұрлады", "кісі тонады" және "кісі бопсалады" деген айыптармен 8 жылға сотталды. Үкім бойынша, сотталушылар жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді және дүние-мүлкі тәркіленеді.

Тергеу материалдарына қарағанда, Нұрлан Өмірбеков екі серігімен бірге Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылмақ болып, биыл ақпан айында "кәпірлерге қарсы жиһад жасау үшін" қаржы іздестіре бастаған. Тергеушілер Нұрлан Өмірбеков "Ақтөбе облысының Жем қаласындағы қатаң режимді колониядағы мұсылман бауырларға қысым көрсеттің» деген желеумен жергілікті тұрғынды қыспаққа алып, оның құны 3 миллион 405 мың теңге тұратын пәтерін өз атына аударуға мәжбүрлеген дейді.

XS
SM
MD
LG