Accessibility links

Адвокат Боқаев пен Аянды қорғайтын куәгерлер қауіпсіздігін қорғауды сұрады


Макс Боқаев пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Атырауда бүгін азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сотта адвокат Жанар Боқаева сотталушылар куәгерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап өтініш білдірді.

Бұған дейін Атырау тұрғыны, сотты бақылап жүрген азаматтық белсенді Ринат Рафхат 24 қазан күні кешке өз үйінің алдында белгісіз адамдар өзін соққыға жығып кеткенін мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, соққыға жыққан адам өзіне "тыныш жүруді" ескерткен. Бұған дейін белсенді Боқаев пен Аян босатылуы тиіс деп мәлімдеген.

Жанар Боқаева соттан бұған дейін судья Гүлнәр Дәулешованың осы процес барысында өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шығарған қаулысына ұқсас қаулы шығаруды сұрады. Дәулешова өзіне қатысты қаулыны істің "саяси сипаты барына" және "қоғамдық резонанс тудырғанына байланысты" шығарған. Сот 10 қазанда "Дәулешованы қорғау туралы" қаулының орындалуын Атырау облыстық ішкі істер департаментіне жүктеген.

Сот үзілістен соң Атырау қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Гүлбаршын Мендақұловадан жауап алуға кірісті.

Бұған дейін судья Гүлнәр Дәулешова адвокат Төлепқали Аяновтың өзіне қатысты "процесті айыптау мәнерінде жүргізіп жатыр" деп берген қарсылығын қабылдамай тастаған. Судья адвокаттар судьяға қарсылықты үш рет қана бере алатынын, бұл қарсылық осымен төртінші рет беріліп отырғанын айтты.

Бүгін таңертең полиция Боқаев пен Аянды қолдау тобының мүшесі, сот алдында белсенділерді босатуды талап етіп жалғыз адамдық пикет өткізген Шаттық Тәжкенова мен павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованы ұстаған.

Прокурор Марат Хабибуллин Боқаев пен Аянды босатуға шақырудың өзі "заңсыз" екенін мәлімдеді. Судья прокурордың бұл ескертуін ескеретінін айтты.

XS
SM
MD
LG