Accessibility links

Ақтөбе: Полицейлер жесірлерінің ІІД-ге шағымын қарау кейінге қалды


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде сот бүгін қызмет бабымен жүріп қаза болған полицейлер жесірлерінің Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінен (ІІД) өтемақы талап еткен шағымын қарауды кейінге қалдырды. Марқұмдардың төртеуі осыдан бес жыл бұрынғы Шұбарши оқиғасы кезінде экстремистер қолынан қаза болған.

Ақтөбе қалалық №2 сотында полицияның мүддесін қорғаған Қарлығаш Құрманғазинаның сөзіне қарағанда, қызмет бабымен жүріп қаза болған полиция қызметкерлері Руслан Жолдыбаев, Рүстем Кенжалин, Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, Темірбек Жақсылықбаев пен Қымбатқазы Оразалиннің отбасына соңғы бес жылда жалпы сомасы 47 миллион теңгеден астам қаржы төленген.

- Сотқа шағымданбас бұрын бұл азаматшалар Ақтөбе облыстық ІІД келді. Олар азаматтық кодекстің 941-бабына сүйеніп отыр. Біз азаматтық кодекстегі 936-бапты алға тартамыз. Яғни, қызмет бабында қаза болған әріптестеріміздің отбасына мемлекет кепілдік берген төлемдердің барлығы түгел төленді деп санаймыз, - дейді Қарлығаш Құрманғазина.

Балалары 18-ге толғанша полицияның өтемақы төлеуін талап етіп отырған алты әйелдің арызын Ақтөбе соты 25 қазан күні қарай бастауы тиіс еді. Бірақ судья Сұлтанғалиева Ақтөбе облыстық ІІД өтініші бойынша істі қарауды бір ай мерзімге шегерді. Себебі - облыстық ІІД Астанаға жесір қалған әйелдердің арызы негізінде сұрау салған. Алдағы бір ай аралығында ішкі істер министрлігі бұл жағдайға құқықтық баға беріп, жауабын білдіруі тиіс.

Полициядан өтемақы талап етушілер бүгін сот отырысына келмеді. Келесі сот отырысы 22 қараша күні өтеді.

XS
SM
MD
LG