Accessibility links

Ақтөбе театры алғаш рет түрмеде спектакль қойды


КА-168/2 түзеу мекемесіне қойылған Сирияға кеткендер туралы қойылымнан көрініс. Ақтөбе, 25 қазан 2016 жыл. (Сурет Тахауи Ахтанов атындағы драма театрынан алынды).

КА-168/2 түзеу мекемесіне қойылған Сирияға кеткендер туралы қойылымнан көрініс. Ақтөбе, 25 қазан 2016 жыл. (Сурет Тахауи Ахтанов атындағы драма театрынан алынды).

Ақтөбенің Тахауи Ахтанов атындағы драма театры алғаш рет абақты сахнасында спектакль қойды. Бұл туралы Азаттыққа театр директорының орынбасары Жандос Еспанбетов хабарлады. Отыз адамнан тұратын шығармашылық ұжым 25 қазан күні ақтөбеліктер "алтыншы түрме" деп атайтын КА-168/2 түзету мекемесінде "радикалдар тағдырын бейнелейтін" "Есігімді қаққан кім?" деп аталатын пьесасын қойған.

- Ақтөбеге Астанадан бір айға келген арнайы топтың өтінішімен драматург Жабал Ерғалиевтің "Есігімді қақққан кім?" пьесасын КА-168/2 мекемесіне апарып қойдық. Бұл қазіргі тілмен айтқанда, қала тұрғындары арасында хит болып жатқан қойылым. Драматург отбасын, отанын тастап Сирия асқан радикалдардың тағдырын бейнелейді. Қойылым жазасын өтеушілердің көңілінен шыққан сыңайы бар. Қайта-қайта қол соғып отырды. Алтыншы түрменің сахнасы шағын болғандықтан соған лайықтап, декорациясымыздың азғантай бөлігін ғана алып бардық, - дейді Жандос Еспанбетов.

Жандос Еспанбетов Ахтанов театры өз тарихында бұрын-соңды түрме сахнасында қойылым қоймағанын айтады. "Бұрын түрмеге концерттік бағдарлама, интермедиялармен ғана баратынбыз" дейді ол.

Жабал Ерғалиевтің "Есігімді қаққан кім?" пьесасы Ақтөбе театрында алғаш рет 3 қыркүйек күні көрсетілді. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан сол кезде алғашқы қойылымға облыс, қала басшыларымен бірге жергілікті имамдар, теологтарды шақырғанын айтқан болатын. Ондағы ой – қойылымды қалың көпшілікке ұсынбас бұрын діни сауаты бар адамдардың сынынан өткізіп алу болған.

Театр директоры Нұрлыбек Жұбатханның сөзінше, театр облыстық әкімдіктен 15 шілде күні "діни тақырыптағы қойылым қажет" деген тапсырма алған. Ол бұрын-соңды репертуарында діни тақырыпқа шығармалар болмаған театр ұжымы үшін бұл күтпеген тапсырыс болғанын айтады. Бұл қойылым қараша, желтоқсан айларында Ақтөбедегі оқу орындарында да қойылмақ.

XS
SM
MD
LG