Accessibility links

Есеп: Әлемде 40 жылда жануарлар дүниесінің бестен үші құрып кетті


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Әлемде адам іс-әрекеті мен белсенділігінің артуынан 1970 жылдан бері жабайы аңдар популяциясының бестен үші жоғалды. Бұл туралы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры және Лондон зоологиялық қоғамының 27 қазанда жариялаған есебінде айтылады. Есепте 1970-2012 жылдар аралығында әлемдегі сүтқоректілер, құстар, балықтар мен омыртқалылар және бауырымен жорғалаушы жануарлардың популяциясы 58 пайызға азайғаны айтылады.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Лондон зоологиялық қоғамы қазіргі тенденция осылай жалғаса берсе 2020 жылға қарай жабайы аңдар мен жан-жануарлар популяциясының үштен екісі жоғалады деп болжайды.

"Жан-жануарлар мен жабайы аңдар популяциясы көз алдымызда бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен азайып барады" дейді Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бас директоры Марко Ламбертини.

"Біз Жер шары тарихындағы адам іс-әрекетінің кесірінен жан-жануарлардың алтыншы рет жаппай қырылып, жоғалуы мүмкін жаңа кезеңіне өтіп барамыз. Бірақ адамның олардың көпшілігін консервация арқылы сақтап қалуға шамасы әлі бар" деді Ламбертини.

Есепте барлық құрлықтағы көлемі бұршақтың дәніндей ғана болатын бақалардан бастап 30 метрге жететін киттерге дейінгі омыртқалы жануарлардың 3 мың 700 түрі 14 мың 200-ге тарта популяциясының құру қаупіне талдау жасалған.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Лондон зоологиялық қоғамы мамандары әлемде адам санының көбеюінен фермалар мен қалалар салу үшін жер тарылып, жабайы табиғатқа қауіп төніп тұр дейді. Жан-жануарлардың қырылуына ауа мен қоршаған ортаның ластануы, оларды аулау және климаттың өзгеруі де ықпал етеді.

XS
SM
MD
LG