Accessibility links

Прокурор Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесуді сұрады


Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген фото)
Руслан Күлекбаев сотта отыр. Алматы, 25 қазан 2016 жыл. (Монитордан түсірілген фото)

Алматыда қарулы шабуылдар жасады деген күдікті Руслан Күлекбаевқа бүгін прокурор өлім жазасын кесуді сұрады. 26 жастағы Күлекбаевтың соты Алматының шетіндегі 70-разъезд маңындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жаңа СИ-8 (ЛА-155/18 мекемесі) изоляторында ашық түрде өтіп жатыр.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, прокурор Жарқынбек Бақашбаев Руслан Күлекбаев және онымен бірге істі болған бес сотталушы - Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы, Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомынның кінәлары "толықтай дәлелденгенін" айтты. Руслан Күлекбаевқа "теракт жасады", "күш құрылымдарының сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрғынды өлтірді" және "үш адамды өлтіруге әрекет жасады" деген айып тағылған. Күлекбаевтың серіктеріне "заңсыз қару-жарақ сақтады" және "Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады" деген айып тағылған.

Прокурордың айтуынша, Күлекбаевтың серіктері "оның іс-әрекеті мен пиғылын біле-тұра тоқтатуға тырыспаған".

Прокурор сотталушылардың жазасын жеңілдететін ешқандай себеп жоғын айтып, мұндай қайғылы оқиғаның қайталануына жол беруге болмайтынын жеткізді.

Прокурор сонымен қатар Лю Рафикті тоғыз жылға, Жасұлан Сапарбековті 12 жылға, Дәурен Әсембекұлы мен Ербол Құсайыновтың әрқайсысын 11 жылға, Нұрсұлтан Әбдімомынды үш жылға соттауды сұраған.

Прокурор Күлекбаевқа өлім жазасын Қазақстанда мұндай жаза түріне мораторий жарияланғанына қарамастан сұрап отыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев маусымның басында Ақтөбеде жасалған қарулы шабуылдардан соң: "Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG