Accessibility links

Ақтөбедегі сотта екі айыпталушының туыстары қоғамдық қорғаушы болды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.

Ақтөбедегі қарулы шабуылдан соң айып тағылып, қазір сотта жауап беріп жатқан Мейірбек Мұқанов пен Асхат Иманғалиевтің туыстарына сот процесі кезінде қоғамдық қорғаушы болуға рұқсат берілді. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

"Сот бұл шешімді Асхат Иманғалиев пен Мейірбек Мұқановтың туыстары жазған өтініш бойынша қабылдады. Қоғамдық қорғаушы болуға жалпы саны бес адам өтініш білдірген. Сотталушылардың жақын туыстары болмағандықтан Р.Жексембина, Г.Садихова мен Б.Қалдыбекованың арызы қанағаттандырылмады" деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотында өтіп жатқан жабық сот процесінде бүгінге дейін тоғыз жәбірленуші судьяның сауалдарына жауап берген. Баспасөз қызметінің мәліметінше, сот қылмыстық істің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне жасалған шабуылға қатысты эпизодын қарап бітірді.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG