Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында Қарабатан мұнайшылары жауап берді


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атырауда азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сотта бүгін Атырау облысының Қарабатан кентінде орналасқан "Болашақ" мұнай өңдеу зауытының мердігер кәсіпорнының бірнеше жұмысшысынан жауап алынды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жұмысшылардың көпшілігі сотта 24 сәуірде Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында үкіметтің жер реформасына қарсы акцияда болғанын айтты. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, олар 24 сәуірдегі митинг туралы интернеттен немесе әріптестерінен естіп білген.

"Әркімнің алаңға өз еркімен шыққаны белгілі болып жатыр. Бүгін сотта сұралған куәгерлер өз еркімен шыққанын айтты. Бұл адамдардың алаңға өз еркімен шықтық дегендері Макс Боқаевтың да, Талғат Аянның да оған ешкімді мәжбүрлемегенін көрсетеді" деді Азаттыққа Макс Боқаевтың адвокаты Жанар Боқаева.

Адвокат өздерінің сотталушыларды қорғауына кедергі жасалып жатқанын да айтты. Ол тергеу хаттамалары Атырау қаласының аумағында емес, Қарабатан кентінде даярланғанын, іс материалдарында куәгерлерден орыс тілінде алынған жауаптың хаттамалары жоғын білдірді.

Бүгін сот басталғанда судья Гүлнәр Дәулешова адвокаттардың іс материалдарын аударғандардан жауап алу туралы талап-арызын қабылдамай тастады. Куәгерлер сұралған соң судья адвокат Нұрбике Ескендірова отбасы жағдайына байланысты қаладан аз уақытқа кетіп бара жатқандықтан сот тыңдауында 2 қараша күнгі сағат 10-ға дейін үзіліс жарияланатынын хабарлады.

Макс Боқаев пен Талғат Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Олардың үстінен «заңсыз митинг ұйымдастырған» және «араздық қоздырған» деген айыптар бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір Атырау сотында қаралып жатыр. Белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG