Accessibility links

Бас прокурор: Ақтөбе облысында радикалды көзқарастағы екі мыңнан аса адам бар


Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов. Ақтөбе, 28 қазан 2016 жыл.

Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов. Ақтөбе, 28 қазан 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық әкімдігінде жұма күні өткен жиында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша жасалған бір айлық жұмысты қорытындылаған Қазақстан бас прокуроры Жақып Асанов «аймақта радикалды көзқарасты ұстанатын екі мыңнан астам адам бар» деп мәлімдеді.

- Олардың 766-сымен Ақтөбеге Астанадан арнайы барып бір ай жұмыс істеген теологтар жеке кездесіп, дәстүрлі исламды насихаттады. Біз көп нәрсені ашып айта алмаймыз. Оған заңмен тыйым салынған, - деді Жақып Асанов.

Ол соңғы бір айда Ақтөбедегі 49 нысанның терактіге дайындығы тексеріліп, олардың қызметкерлеріне төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әдіс-тәсілдері жайлы дәріс берілгенін хабарлады. Бас прокурор Ақтөбеге Астанадан келген 200 маманның тәжірбиесіне сүйене отырып, «радикалдың типтік әлеуметтік психологиялық портреті» жасалғанын да айтты.

- Біз оның артында кәнігі бандит не маргинал тұрғанын анық білеміз. Олардың көпшілігі исламның не екенін білмейді. Құранды оқымаған немесе әдейі оқығысы келмейді. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, отбасылық құндылықтар мен мемлекет институттарын жоққа шығарады, биліктің көмегінен бас тартады. Мұны түсіну бізге жақын арада оларға қарсы іс-қимыл жасаудың тәсілдерін түзетуге мүмкіндік береді, - деді Жақып Асанов.

Ол теологтар, имамдар, әлеуметтанушылар мен мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған 200-ге тарта адамы бар топтың Ақтөбеде бір айы бойы жүргізген жұмыстарына талдау жасалып, азаматтардың нақты проблемаларын шешудің үлгі модельдерін әзірленетіні және ол басқа аймақтарда да пайдаланылатыны туралы айтты.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандар «шетелден нұсқау алған радикалдық діни топ өкілдері» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG