Accessibility links

Боб Дилан Нобель сыйлығына байланысты пікірін білдірді


АҚШ музыканты Боб Дилан.
АҚШ музыканты Боб Дилан.

АҚШ музыканты Боб Дилан әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы биыл өзіне берілгеніне байланысты пікірін жұма күні алғаш рет білдірді.

Жұма күні Нобель сыйлығы комитеті Диланмен байланысқа шығып, оған сыйлық иегері екені туралы шешімді жеткізгені, музыкант бұл жаңалықтан «тілі байланып қалғанын» айтқаны жайлы хабарлады.

«Маған көрсетілген құрметті жоғарғы бағалаймын», - деген Боб Дилан.

Ағылшынның The Telegraph газетіне сұхбатында танымал музыкант сыйлық иегері болғаны жайлы хабарды «керемет, адам нанғысыз, қол жетпес арман» деп атаған. «Сыйлыққа лайықтымын деп санайсыз ба?» деген сауалға ол «бұл туралы ойланбаппын» деп жауап берген.

Дилан желтоқсанның 10-ы күні Стокгольмде өтетін сыйлықты тапсыру рәсіміне қатысатынын айтқан.

Халықаралық ең беделді сыйлық «америкалық ән дәстүрінде жаңа поэтикалық тіркестер тудырғаны үшін» 75 жастағы Боб Диланға берілетіні жарияланған қазанның 13-інен бері көпшілік оның бұл жаңалықты қалай қабылдағанын білгісі келген еді. Музыканттың сыйлық жайлы ләм-мим деп тіс жармауын сөккендер де болды. Баспасөз құралдары швед ғылым академиясының мүшесі Пер Вастбергтің Боб Диланды «дөрекі және менмен» деп сынағаны туралы хабарлаған.

Боб Дилан шығармашылығы үшін бұған дейін бірнеше мәрте әртүрлі салада жоғары жүлделерге ие болған. Олардың қатарында Пулитцер, Грэмми, Оскар, Алтын глобус тәрізді сыйлықтармен бірге АҚШ президентінің Азаттық медалі, Францияның Құрметті легион ордені сынды мемлекеттік наградалар да бар.

XS
SM
MD
LG