Accessibility links

Клинтон федералдық тергеу бюросын жаңа іс жайлы деректі жариялауға шақырды


АҚШ президенттігіне демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтон.

АҚШ президенттігіне демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтон.

АҚШ президенттігіне демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтонның сайлау штабы Клинтонның серверінен жойылған электрондық хаттарға қатысты тергеу жөніндегі ақпаратты жариялау туралы федералдық тергеу бюросының (FBI) шешімін сынға алып, бұл тергеуге байланысты деректерді жария түрде ұсынуға шақырды.

Штаб басшысы Джон Подестаның мәлімдеуінше, америкалықтарға жаңа тергеу туралы мәліметтерді кідіртпей ұсыну FBI директорының «міндетіне» жатады. Хиллари Клинтон жаңа тергеу туралы хабарларды «өсек-аяң» деп атаған. Ол неге сенерін білмей отырғанын айтып, федералдық тергеу бюросынан болып жатқан жағдайды түсіндіруді талап еткен.

Бұған дейін жұма күні FBI директоры Джеймс Комидің Конгреске жолдаған хаты жайлы ақпарат тараған. Ол хатта Коми басқа бір іс бойынша тергеу барысында Хиллари Клинтонның бұған дейін белгісіз болып келген электронды хаттары тергеушілер назарына ілінгені туралы жазған. Ол хаттардың Клинтон мемлекеттік хатшы болып тұрған кезде жеке электронды поштасын пайдаланғаны туралы іске қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылады. Ол іс бұған дейін Джеймс Коми Хиллари Клинтонның әрекетінде қылмыстық жауапкершілікке тартатындай ештеңе жоқ деген қорытындыға келген соң жабылған.

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат Дональд Трамп өз саяси бәсекелесінің қызметіне қатысты тергеу қайта басталуы ықтимал деген ақпаратты құптайтынын айтып, Хиллари Клинтонды «бұрын-соңды болмаған көлемдегі» коррупцияға қатысы бар деп айыптаған. Конгрестегі республикалық партияның көрнекті өкілдері Хиллари Клинтонның атына сын айтқан. АҚШ президенті сайлауына 11 күн қалғанда FBI басшысының тергеу туралы ақпаратты жариялауы талдаушылардың көпшілігін таңдандырды. Олардың айтуынша, әдетте мұндай тергеулер құпия түрде жүргізіледі.

XS
SM
MD
LG