Accessibility links

Кейкі батырдың бас сүйегін Венгриядан Алматыға әкелді


Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші.

Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші.

20-ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі - Кейкі батырдың бас сүйегі Венгриядан Алматыға әкелінді деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Орталық мемлекеттік мұражай директоры Нұрсан Әлімбайдың айтуынша, үкімет батырдың бас сүйегін жерлеу мәселесін шешкенше ол Орталық мұражайда сақталады. Бас сүйек 12 қазанда антропологиялық сараптама жасау үшін Венгрияның жаратылыстану мұражайына жіберілген еді.

Бас сүйек Будапешке зерттеу және Кейкі батырдың тірі кезіндегі бет-бейнесін қалпына келтіру үшін жіберілген. Венгр ғалымдарының жұмысының нәтижесі желтоқсанда жарияланады деп жоспарланып отыр.

Кейкі батыр (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылы Торғай өңіріндегі қазақтардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне және кейін совет билігіне қарсы қозғалысқа қатысушылардың бірі. Совет өкіметі Кейкіні 1923 жылы ұстап, басын шауып өлтірген. Кейін Ресейге жөнелтілген Кейкі батырдың бас сүйегі осы кезге дейін Санкт-Петербургтегі антропология және этнография музейінде сақталып келген.

Биыл жазда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей үкіметінен сұрағаннан кейін Ресей осы айдың басында Қазақстанға ​Кейкі батырдың бас сүйегін қайтарған.

XS
SM
MD
LG