Accessibility links

"Қорғас" орталығы басшысы: Кеден орталығына кіру тәртібі жеңілдейді


"Қорғас" халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығының Қытай жағы (Көрнекі сурет).
"Қорғас" халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығының Қытай жағы (Көрнекі сурет).

Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы "Қорғас" халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығына қазақстандықтар 1 қарашадан бастап жеке басын куәландыратын құжатпен кіре алады деп хабарлады жергілікті агенттіктер.

Орталық басшысы Қаһарман Жазиннің журналистерге айтуынша, бүгінге дейін қазақстандықтар шекарадан шетелге шығу құжатымен (паспорт) өтіп келген. Ал 1 қарашадан бастап шекарадан азаматтардың жеке куәлікпен өтуіне, балалардың туу туралы куәлікпен өтуіне рұқсат етіледі.

Қаһарман Жазиннің сөзіне қарағанда, биыл "Қорғас" орталығына үш миллионнан астам адам өткен. 2020 жылы бұл санды сегіз миллионға дейін арттыру жоспары бар.

"Қазір біз кедендегі кезек күту мәселесін шешетін бірқатар шараларды жасап жатырмыз. Біріншіден, "Қазпоштаның" қабылдау пунктері санын, жүктер мен жүк көліктерін өткізетін адамдар санын көбейтеміз" деген Жазин. Оның айтуынша, көктемде "Қазпошта" үлкен жүк терминалын салуға кіріседі. Ал жүк өткізу мәселесі бір жылдан соң шешілмек.

Бұған дейін тұрғындар "Қорғас" бекетіндегі заңсыздықтарға, шекарадан жүк алып өтудің машақаты мен бақылау-өткізу пунктіндегі кезекке шағымданған еді.

XS
SM
MD
LG