Accessibility links

Мұхамедиұлы: Ауыр атлеттердің медалін қайтару мәселесін зерттейміз


Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік пен Ұлттық олимпиада комитеті допинг дауына ұрынған қазақстандық ауыр атлеттердің олимпиадада алған медальдарын қайтару, я қайтармау мәселесін зерттеп жатқанын мәлімдеді. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, үкімет отырысынан соң журналистер сұрағына жауап берген Мұхамедиұлы бұл мәселенің халықаралық заңнамаға тиетін тұсы барын айтты.

"Біз қазір мұқият зерттеп жатырмыз. Себебі Қазақстанда мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Егер халықаралық ереже бойынша спортшылардың медалін қайтармау құқығы бар болса, онда әрине, бұл жайтты да зерттейміз" деді министр.

Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) Тәртіптік комиссиясы қазанның соңында қазақстандық ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло (53 килограмм салмақ дәрежесі - ред.), Майя Манеза (63 килограмм) және Светлана Подобедова (75 килограмм) 2012 жылы Лондон олимпиадасында алған алтын медальдарын қайтарып беруі тиіс деген шешім қабылдаған. Бұлардан бөлек, 2008 жылы Пекин олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, күміс жүлде алған Таймураз Тигиев (еркін күрес) те медалін қайтаратын болды. ХОК бұл спортшылардың олимпиададағы допинг сынамаларын қайта тексеріп, құрамынан тыйым салынған дәрілер тапқан.

ХОК атлеттердің жүлделерін қайтарып алып, алынған медальдар мен дипломдарды кеңсесіне жеткізуді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетіне жүктеген.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті "адал спорт" саясатын қолдап, ХОК шешімдерін орындайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG