Accessibility links

Павлодардағы кафе клиенттерін соққыға жығу ісі прокуратураға берілді


Павлодар қалалық прокуратурасы (Көрнекі сурет).

Павлодар қалалық прокуратурасы (Көрнекі сурет).

Павлодардағы кафе клиенттерін соққыға жығу оқиғасын тергеу аяқталып, іс прокуратураға берілді. Бұл іс бойынша тергеу бір айға созылған. Екі күдікті - күзет агенттігінің қызметкерлері тергеу абақтысында отыр, оларға қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Қазан айының басында интернетте арнайы форма киген жігіттердің кафе клиенттерін ұрып-соғып, тілдегені, клиенттердің бірін автоматтың дүмімен қойып қалғаны түсірілген видео таралған еді. Оқиға Павлодардағы "Босфор" кафесінде 3 қазан күні кешке болған. Кейін клиенттерді соққыға жықты делінген "Элекор" күзет агенттігінің екі күзетшісі қамауға алынған.

Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Баян Мағзұмованың айтуына қарағанда, жәбірленушілердің бірі - Ертіс ауданының 30 жастағы тұрғыны екені анықталған. Полиция оны өзін соққыға жыққан күзетшілерге кінә артпайтынын айтып арыз жазды дейді. Кафеге келген, видеода күзетшілер соққыға жыққан басқа екі клиенттің кім екені анықталмаған.

Бұған дейін Павлодар қалалық прокуратурасы облыстық ІІД-ге "Элекор" агенттігінің лицензиясын қайтарып алып, қызметін тоқтату туралы ұйғарым берген.

XS
SM
MD
LG