Accessibility links

Жер заңына мораторийді ұзарту туралы заң жобасы мәжіліс қарауына түсті


Парламент мәжілісінің отырысы, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент мәжілісінің отырысы, Астана (Көрнекі сурет).

Парламент мәжілісі бүгін жер кодексінің кейбір даулы баптарына енгізілген мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы заң жобасын қарауға қабылдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сапархан Омаровтың Азаттыққа айтуынша, заң жобасы алдымен комитеттің қарауына түскен.

- Шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға Қазақстанда жерді жалға беру мәселесі және жеке және заңды тұлғаларға жеке меншікке беру мәселесіне бұған дейін мораторий жарияланғанын білесіздер. Ол мароторий мерзімі - осы жылдың 31 желтоқсанына дейін. Ал бүгінгі күнгі түсіп отырған заң сол мароторийдің мерзімін 5 жылға - 2021 жылдың 31 желтоқсанға дейін ұзартады, - деді Сапархан Омаров.

Құжат жобасы жұмыс топтарының талқылауынан соң мәжілістің қарауына ұсынылады.

Көктемде Қазақстанда жер мәселесіне байланысты наразылық күшейген соң мамыр айының бас кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялаған.

Жер кодексіне қатысты құрылған қоғамдық комиссиясы осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынған. Жер комиссиясы 13 тамызда қабылдаған қаулыда егер президент Назарбаев мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы ұсынысты қабыл алса, онда жер комиссиясының жұмысы аяқталды деп саналатыны айтылған.

Назарбаев жер кодексінің кейбір баптарына 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялау туралы жарлығын 6 мамырда шығарған. Тамыздың 19-ы күні президент осы жарлыққа мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы өзгеріс енгізген.

Омархан Сапаровтың айтуына қарағанда, мәжіліс бұған дейінгі мораторий аяқталатын мерзім - 31 желтоқсанға дейін заң жобасын қарап, қабылдауы қажет екенін айтты.

XS
SM
MD
LG