Accessibility links

Алматыда Боқаев пен Аянды қолдаған белсенділер қамаудан босады


Қамаудан босап шыққан белсенді Сүйіндік Алдабергенов. Алматы, 2 қараша 2016 жыл.

Қамаудан босап шыққан белсенді Сүйіндік Алдабергенов. Алматы, 2 қараша 2016 жыл.

Алматыда бүгін түске дейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдап акция өткізбек болғаны үшін 10 тәулікке қамалған белсенділер босап шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Белсенділер Сүйіндік Алдабергенов, Құрал Медеуов және Асхат Берсалимовті 23 қазанда Алматының орталығында Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіру үшін жиналған жерінен полиция ұстап әкеткен. Сол күні Алматының әкімшілік соты оларды "бейбіт жиын, митинг, шеру өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Олармен бірге ұсталған қала тұрғындары Әсел Мақсұт пен Ақерке Әбішеваға ескерту жасалған.

Алматы қалалық апелляциялық сот алқасы Сүйіндік Алдабергенов пен Асхат Берсалимовтің сот шешіміне түсірген шағымын қанағаттандырмаған.

Бүгін қамаудан шыққан белсенділер Азаттыққа өздерінің Боқаев пен Аянды қолдайтын ұстанымдарынан айнымайтынын айтты.

- Мен өзімнің не үшін қамалғанымды толық түсінбеймін. Бізді заңсыз ұстады. Ол жерде ешқандай митинг болған жоқ, - деді Асхат Берсалимов.

Ал Құрал Медеуов өзін қорғайтын қазақ тілді адвокат болмағанын, адвокатсыз қамалғанын айтты.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Олардың үстінен "заңсыз митинг ұйымдастырған" және "араздық қоздырған" деген айыптар бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір Атырау сотында қаралып жатыр. Белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG