Accessibility links

Калачи тұрғындары адам құқығы жөніндегі уәкілге хат тапсырды


Ақмола облысы Есіл ауданы Калачи және Красногорск ауылдарының тұрғындары Лидия Чабанова мен Виктор Лукьяненко. Астана, 2-қараша 2016-жыл

Ақмола облысы Есіл ауданы Калачи және Красногорск ауылдарының тұрғындары Лидия Чабанова мен Виктор Лукьяненко. Астана, 2-қараша 2016-жыл

Бүгін Ақмола облысындағы "ұйқы дертіне" шалдыққан Калачи және Красногорск ауылдарының тұрғындары Виктор Лукьяненко мен Лидия Чабанова ауылдастарының атынан президент жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияға және парламент мәжілісі төрағасының атына хат тапсырды.

Хатта өздерін көшіру үшін мемлекеттен бөлінген 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржыға облыс әкімдігінің Көкшетау қаласынан көпқабатты тұрғын үй салғаны жазылған.

- Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы Калачи мен Красногорск тұрғындарын көшіруге арналған қаржыға Көкшетау қаласынан 9 қабатты, 45 пәтерлік 5 үй салынғанын анықтаған. Бұл бізге арнап салынған үйлер. Ал, облыс әкімі бізге Есіл мен Державинка қалаларына көшіңдер деп отыр, - дейді Виктор Лукьяненко.

Ауыл белсенділерінің сөзінше, бүгінде Калачи ауылында 120, Красногорск елді-мекенінде 40 адам қалып отыр. Бұл екі ауыл бір-біріне іргелес орналасқан. Араларын шағын канал бөліп жатыр. Красногорск ауылының тұрғыны Лидия Чабанова қысқа қарай жағдай қиындайтынын айтады.

- Ауылда су жоқ. Адамдар қыста сусыз қалады. Есіл ауданының әкімі қыста қар тазаланбайтынын айтты. Олай болса, біздің дүкенге баруымыз, жүріп-тұруымыз қиындайды, - дейді Лидия Чабанова.

Бұған дейін "ұйқы дертіне" шалдыққан ауыл тұрғындары Ақмола облысының әкімдігі ұсынған Есіл және Державинка аудандарына көшуге қарсы болған. Олар аталған аудандардан ұсынылған пәтерлердің тым тар екенін алға тартқан.

Ауыл тұрғындары бұған дейін президент атына жазған хатына жауап алмағандарын айтады.

Калачи ауылында соңғы жылдары ондаған тұрғын белгісіз "ұйқы дерті" белгілерімен ауруханаға түскен. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Бұған дейін бірнеше комиссия мен жүргізілген зерттеулер белгісіз дерттің нақты себептерін анықтай алмады. Тұрғындардың шағымдарынан соң билік калачиліктерді көшіруге шешім қабылдаған. Тұрғындардың біразы облыстың басқа аудандары мен ауылдарына көшірілген. Ауыл іргесінде Совет билігі кезінде өндіріліп, кейін жабылып қалған уран кеніші бар.

XS
SM
MD
LG