Accessibility links

«Жас Алаш» Жасан Зекейұлына 5 млн теңге төлейтін болды


"Жас-Ай" медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы. Астана, 2 қараша 2016 жыл.
"Жас-Ай" медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы. Астана, 2 қараша 2016 жыл.

Жоғары сот алқасы «Жас Алаш» газеті мен «Жас-Ай» медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы арасындағы дауға байланысты кассациялық шағымды қарады.

«Жас Алаш» газетінің шағымы Алматы қалалық сотының 2016 жылдың 4 наурызындағы шешімі бойынша түскен. Ол кезде қалалық сот «Жас Алаш» газеті, басылымның бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, тілші Меруерт Тұрлыбекова, оқырман Қаден Мұқанұлы, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлихан мен оның 76 жастағы әкесі Әбілбек Әлихан Жасан Зекейұлына моральдық шығынының өтеуі ретінде 40 миллион теңге берсін деген шешім шығарған.

Бүгінгі процесте жоғарғы сот алқасының төрағасы, судья Ақылтай Қасымов Алматы қалалық сотының шешімін бұзып, тараптардың талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды.

Сот жауапкерлердің Жасан Зекейұлына төлеуі тиіс қаржыны 40 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін азайтты. Ол ақшаны «Жас Алаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, газеттің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, журналист Меруерт Тұрлыбекова және Гүлия Әлихан төлейді. Бұған дейін шығын өтеуге міндеттелген Қабен Мұқанұлы мен Әбілбек Әлихан (Жасан Зекейұлының бұрынғы қайын атасы) жауапкерлер қатарынан босатылды.

«Жас-Ай» медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлы сот алқасының шешіміне қанағаттанатынын айтады.

– Сот өте әділетті шешім шағарды. Жоғары соттың шешімінде тек кішкене ғана ақша төмендеу болғанымен, барлығы өзгеріссіз қалды, – деді ол.

Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Қаден Мұқанұлы мен Әбілбек Әлиханның жауапкерлер қатарынан шығарылғанына қуанады. Ол мұны «басылым оқырмандарының жеңісі» деп бағалайды. Бірақ Рысбек Сәрсенбай соттың өздерін 5 миилион теңге өндіруге міндеттеуін әділетсіз санайды.

– Мен жаңа үш судьяға айттым. Енді халықтық сот өткіземіз. Судьялар осындай шешімдері үшін халықтың алдында, газет оқырмандары алдында жауап беруі керек, – деді ол.

«Жас Алаш» газеті мен «Жас-Ай» медицина орталығының басшысы Жасан Зекейұлының арасындағы дау 2015 жылдың қарашасында басталған. Жасан Зекейұлы «Жас Алашта» 2015 жылы мамыр айында жарияланған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақалаға наразы болған. Ол әуелі «газет абыройым мен ар-намысымды қаралады» деп, соттан газеттің шығуын алты айға тоқтатуды, басылым мен тағы үш адамға жиыны 400 миллион теңге өтемақы төлетуді, газеттен жазбаша түрде кешірім сұратуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG