Accessibility links

Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталғаны хабарланды


Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер
Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер

2 қараша күні Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы режиссер, актер әрі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталғанын хабарлады.

Бюроның вебсайтындағы мәлімдемесі бойынша Жаманқұлов "Феникс" көркем фильмін түсіру кезінде "бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікке ілінген. Ресми хабарламаға сәйкес тергеу кезінде фильмді түсіру үшін 79 миллион теңге "Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS" компаниясының есеп-шотына аударылған, оның 69 миллионын осы кинокартинаның бас продюсері, әрі компанияның құрылтайшысы "Тұңғышбай Жаманқұлов талан-таржыға түсірген".

Ресми ақпаратта осы істі тексеру кезінде "Қазақфильм" компаниясының экономика бойынша басқарушы директоры мен аталмыш көркем фильмнің атқарушы продюсерінің де қамауға алынғандары жазылған.

Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов бұған дейін Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын жемқорлыққа қатысты айыптап, министрдің үстінен "сексуалдық бопсалау" бойынша арызданушыны қолдап шыққан еді. Көп ұзамай Жаманқұловтың өз басы дауға қалып, оны бір топ театр қайраткерлері жиналыс ашып сөккен. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG