Accessibility links

Ақтөбеде қарулы шабуылға қатысты сот тергеу изоляторына ауыстырылды


Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген қарулы жасақ. 2 қараша 2016 жыл.
Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген қарулы жасақ. 2 қараша 2016 жыл.

Ақтөбеде 5 маусымда болған қарулы шабуылдарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеу изоляторына ауыстырылды деп хабарлады Азаттыққа облыстық соттың баспасөз хатшысы Илиада Досова. Оның сөзіне қарағанда, сот 1 қарашадан бері КА-168/1 тергеу изоляторында өтіп жатыр. Бұған дейін сот процесі Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен. Сот процесі жабық түрде өтіп жатыр.

Азаттық тілшісі бұған дейін аталған тергеу изоляторы маңында қарулы жасақ сарбаздарының жүргенін және ол маңда күзет күшейтілгенін байқаған.

Ал аймақтық "Диапазон" басылымының облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлауынша, сот процесі тергеу абақтысына "қауіпсіздік тұрғысында" ауыстырылған және сот орнын ауыстыруға процеске қатысушылардың барлығы "келіскен".

"Диапазонның" жазуына қарағанда, облыстық сот процестен жан-жақты хабар таратудың сотқа қатысушылар үшін "жағымсыз салдары" болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

28 қазанда 20 шақты журналист сотқа "сот тыңдауында видео трансляция жасауға қайтадан рұқсат беруді" сұрап өтініш жасаған. Сот ондаған жәбірленуші мен куәгердің сотқа өз қауіпсіздіктеріне алаңдайтынын білдіргенін айтады.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде "терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары" үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғап жатыр. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG