Accessibility links

Бішкекте "саяси қуғын-сүргінге қарсы" акция өтіп жатыр


Бішкектегі саяси қуғын-сүргінге қарсы акция.

Бішкектегі саяси қуғын-сүргінге қарсы акция.

Бішкекте бүгін Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ғимаратының алдында елде саяси қуғынды тоқтатуды талап еткен акция өтіп жатыр. Акцияны "Саяси тұтқындарды қорғау комитеті" мен "Сөз бостандығын қорғау комитеті" және "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталған оппозицияшыл саясаткерлердің серіктері мен туыстары өткізіп жатыр.

Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, акцияға шамамен 30 адам қатысып жатыр. Олар қолдарына "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін", "Қырғызстанда саяси репрессияға жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап алған және қамаудағы оппозицияшыл саясаткерлердің үстінен сотты ашық өткізуді талап етеді.

Қырғызстанның арнайы қызметі оппозицияшыл саясаткерлер Кубанычбек Қадыров, Бектур Асанов, Эрнест Карыбеков, Дастан Сарығұлов, Бекболот Талғарбеков, Торобай Колубаев, Марат Сұлтанов, Александр Гусев және Тойгонбек Калматовтың үстінен "қылмысқа оқталу" және "билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Бұған дейін қамаудағылардың жақтастары Бішкектің Первомайский аудандық сотының алдында ашық және әділ сот өткізуді талап етіп митинг өткізген. Адвокаттары да саясаткерлердің сотын ашық өткізуді сұрағанымен, судья оны қабылдамай тастаған.

XS
SM
MD
LG