Accessibility links

Путин Стивен Сигалға Ресей азаматтығын берді


Ресей президенті Владимир Путин америкалық актер Стивен Сигалмен сөйлесіп тұр. Владивосток, қыркүйек 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин америкалық актер Стивен Сигалмен сөйлесіп тұр. Владивосток, қыркүйек 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин америкалық актер Стивен Сигалға Ресей азаматтығын беру туралы бұйрық шығарды. Бұл туралы ақпарат бүгін Кремльдің сайтында жарияланды.

Стивен Сигал қыркүйекте Ресейде бірнеше ай достарымен өткізгісі келетінін айтып, Ресей азаматтығын алғысы келетінін мәлімдеген. Сигал - Мәскеу мен Батыс елдері арасындағы байланыс күрт нашарлағанына қарамастан Батыстағы Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынас орнатқан әйгілі адамдардың бірі. Актер соңғы кезде Ресейге бірнеше рет сапарлап, Грозный мен Қырымға барған.

Осы жылдың басында Стивен Сигал Сербия азаматтығын да алған. Бұған дейін ол Сербияда бірнеше рет болып, осы ел басшылығы туралы жақсы пікір білдірген.

Стивен Сигал 1990-жылдардың басында сол кезде Ресейде сұранысқа ие болған атыс-шабыс жайлы фильмдердің актері ретінде кең танылды. Ол әлі күнге киноға түскенімен, ол кинолардың бюджеті аз және аса танымал емес.

Бұған дейін Владимир Путин бірнеше шетелдік белгілі адамдарға, оның ішінде француз актері Жерар Депардье мен боксер кіші Рой Джонсқа азаматтық берген.

XS
SM
MD
LG