Accessibility links

Министрлік жер кодексіне өзгерту енгізуді ұсынған


Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы негізінде белгіленген бес мәселеге байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі «Жер кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынған деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.

Ол мұны әділет министрлігінде өткен «Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі» ведомство аралық комиссия отырысында айтты. Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, заң жобасына енгізілген өзгертулер қатарында жерді жалға алуға қатысты бірыңғай шарт жасалады.

– Халықтың наразылығын білдіретін мәселе – типтік шарттың жоқтығы. Бүгінде әр облыста өздерінің қажеттілігіне орай, өз талаптарына сай шарттар жасалады. Енді біз типтік шартты министрлік деңгейінде жасап, жерді тиімді пайдалануға қатысты шартқа міндеттерді енгізіп, ауыл шаруашылық нысандағы жерлерді үнемді пайдалану мәселесін қарап отырмыз, – дейді ол.

Министрлік өкілдері жалға алынатын жер көлеміне шектеу қою туралы да сөз қозғады. Олар бұдан былай республика көлемінде бір адамның меншігіне көп көлемде жер өтіп кетпеу жайы да қадағаланатынын айтты. Сонымен бірге шекара маңындағы жерлер жалға берілмейді, тек сол аумақтағы ауыл халқына жайылым және шабындық үшін уақытша қолданысқа беріледі.

2016 жылдың 14 мамырында жұмысын бастаған жер реформасы жөніндегі комиссиян тамыз айындағы соңғы отырысында бес мәселе көтерген. Олар - жерді жалға беру инстититутын сақтап қалу,жалға берілетін жерлердің шекті көлемін белгілеу, жалға берілген жерлерді үнемді пайдалануды қадағалауды күшейту, шекара маңында жалға берілген жерлерді қолдануды қаталдату, ауыл шаруашылығы нысандағы жерлерді мемлекеттік қажеттілікке жатқызып алу арқылы ол жерлерді бас жоспарға сәйкес жекеменшік үй салуға бөлу мәселесі.

Жер мәселесіне байланысты наразылық күшейген соң мамыр айының бас кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, бұл мәселені талқылайтын комиссия құрған. Жер комиссиясының негізгі ұсынысы осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңында дейін ұзарту болған. Президент Назарбаев 19 тамызда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға 2021 жылға дейін мораторий жариялаған. Осы шешімнен кейін жер комиссиясы жұмысын аяқтаған.

XS
SM
MD
LG