Accessibility links

Ақтөбедегі 29 айыпталушының 13-і сотта жауап берген


Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген қарулы жасақ. 2 қараша 2016 жыл.
Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс қаралып жатқан КА-168/1 тергеу изоляторы маңында жүрген қарулы жасақ. 2 қараша 2016 жыл.

5 маусымдағы қарулы шабуылға байланысты айып тағылған 29 ақтөбеліктің 13-і бүгінге дейін сот алдында жауап берген деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

24 қазаннан бері сот алдын жауап берген 13 айыпталушының төртеуі - "қылмысты xабарламады" деп айыпталып отырған азаматтар. Ал қарулы шабуылға қатысқан 9 адам "қылмыстық топқа мүше болғандарын" мойындаған. Бірақ олар кісі өліміне ешқандай қатысы жоқ екендерін айтқан.

Сот процесі барысында айыпталушы Мирлан Ердауовтың қоғамдық қорғаушысы қосымша куәлерді сұрау туралы өтініш білдірген. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

1 қарашадан бері сот процесі ақтөбеліктер "Бесінші түрме" деп атайтын тергеу изоляторында - КА-168/1 мекемесінде өтіп жатыр. Сот мемлекеттік айыптаушылардың өтінішін қабыл алып, істі тергеу изоляторында қарай бастады. "Бұл жәбірленушілер мен процеске қатысушы өзге де азаматтардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр" дейді соттың баспасөз қызметі. Қарулы шабуылға қатысты процесс басталғалы бері сот 66 жәбірленуші мен 41 куәгерден жауап алған.

Ақтөбедегі қарулы шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде "терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары" үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғап жатыр.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG