Accessibility links

Жамбыл облысында қатты желден бірнеше адам жараланды


Жамбыл облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Жамбыл облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Жамбыл облысының аумағы мен Тараз қаласында қатты жел тұрып, салдарынан он бір адам түрлі дәрежеде жараланды деп хабарлады Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаментінен. Департамент баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қатты желден ағаштар құлап, электр бағаналары мен сымдары зақымданған, ондаған ғимараттың шатыры ұшып кеткен. Төтенше оқиғадан жараланған 11 адамның үшеуі ауруханаға жатқызылған.

Ресми ақпарат бойынша, 3 қараша күні кешке Таразда секундына 30 метрге дейін жететін жел тұрып, 11 астам электр бағанасы құлаған. Салдарынан 10 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған.

Бірнеше ғимараттың, оның ішінде екі университет ғимараты, ішкі істер департаменті госпиталі мен №1 перзентхананың шатырлары ұшып кеткен. Қазір жедел құтқару отрядтары мен коммуналдық қызметкер бригадалары ұшқан шатырларды, құлаған ағаштарды жинап, апаттан кейін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жасап жатыр.

Облыстың Байзақ ауданында да 21 электр бағаны құлап, 22 елді мекенде 13 мыңға тарта абонент электр жарығынсыз қалған. Алты мектеп пен балабақшаның және бірнеше үйдің шатыры ұшып кеткен.

Жамбыл ауданында екі электр бағаны құлап, 28 елді мекен электр жарығынсыз қалған. Үш мектеп, екі мәдениет үйі мен бір әкімдік ғимаратының шатыры ұшқан.

Жуалы ауданында алты елді мекен жарықсыз қалып, аудандық білім бөлімі ғимаратының шатыры ұшқан.

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, 4 қарашада Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір жерлерінде нөсер жауын жауады. Республиканың солтүстік-шығысында солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 18-23 метрге, кейбір жерлерде 30 метрге дейін жетеді деп болжанып отыр.

XS
SM
MD
LG