Accessibility links

Түркияда күрд саяси партиясының жетекшілері мен депутаттары ұсталды


Селахаттин Демирташ, Түркиядағы күрдтердің Халықтық демократиялық партиясы төрағаларының бірі.
Селахаттин Демирташ, Түркиядағы күрдтердің Халықтық демократиялық партиясы төрағаларының бірі.

Түркияда полиция күрдтердің жетекші партиясы - Халықтық демократиялық партияның (HDP) екі төрағасы мен осы партиядан парламентке сайланған 11 депутатты ұстады.

Мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, партия төрағаларының бірі Селахаттин Демирташ өзінің туған қаласы Диярбакырда, өзге төраға Фиген Юксекдаг Анкарада терроризмге қатысты істі тергеу аясында ұсталған.

Түркияда 4 қарашаға қараған түні рейд жүргізілді. Түркиялық NTV телеарнасы Демирташ пен Юксекдагқа елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясын насихаттады деген айып тағылғанын хабарлады.

Ұсталғандар арасында HDP-дің парламенттегі фракциясының басшысы да бары хабарланып отыр. Бұған дейін Анкара депутаттарды қылмыстық жауапкершіліктен босататын құқығынан айыратын заң жобасын бекіткен.

HDP Түркия парламентіндегі үшінші ірі партия саналады. Партия жетекшілері мен өкілдерін тұтқындау - күрдтердің мүддесін қорғайды делінетін партияға қарсы кең ауқымды операцияның бір бөлігі болуы мүмкін.

Демирташ пен Юксекдаг бұған дейін де тергелген. Бірақ олар бірінші рет ұсталып отыр.

Түркия президенті Режеп Ердоған бұрын Селахаттин Демирташтың атына бірнеше рет қатқыл сын айтқан. Кейбір сарапшылар Демирташты Түркиядағы Ердоғанмен бәсекелесе алатын жалғыз саясаткер санайды.

XS
SM
MD
LG