Accessibility links

Әлем климатының жылынуы туралы келісім күшіне енді


АҚШ-тағы әлем климатының жылынуына қарсы шаралар қабылдауды талап еткен демонстрация. Қараша 2015 жыл (Көрнекі сурет).

АҚШ-тағы әлем климатының жылынуына қарсы шаралар қабылдауды талап еткен демонстрация. Қараша 2015 жыл (Көрнекі сурет).

4 қарашада ғаламдық климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі күшіне енді. Келісімге қол қойған 200-ге тарта мемлекет енді ауаға шығаратын парник газының көлемін тарату шараларын жасауы тиіс.

"Бұл - атап өтуге тұрарлық тарихи сәт. Бұл - болашаққа парасатты баға бере қарап, алға қойылған міндетті орындауда тың серпіліс жасайтын сәт" деп мәлімдеді БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конвенциясының атқарушы хатшысы Патрисия Эспиноса.

Келісімде оған қол қойған барлық ел ауаға шығаратын қалдықты азайту, технологиялық қайта жарақтану және климаттың өзгеруіне бейімделу мақсаттарын түзуі керегі айтылады. Жаңа халықаралық келісімде табиғи қазба отын түрлерін пайдаланудан бас тарту қарастырылмаған. Ал дүниежүзі бойынша көмірқышқыл газын шығару шектелмейді.

Құжатта 2020 жылдан бастап дамушы мемлекеттерге жыл сайын климатты сақтауға байланысты технологиялық және өнеркәсіптік мұқтаждығына 100 миллиард доллар қаржы бөліп отыру қарастырылған.

Париж келісімі - климатқа қатысты орындалуы тиіс ғаламдық алғашқы құжат саналады.

200-ге тарта елдің өкілдері 7 қарашада Марокконың Марракеш қаласына жиналып, келісімді іске асыру үшін саясат пен технологияны өзгерту, қаржы бөлу сияқты мәселелерді талқылайды.

"Уақыт қысып барады, себебі ғаламдық климаттың жылынуына әсер ететін ауаға парник газын шығару көлемі әлі азаймай отыр. Бұл мәселе Марракештегі жиында бірінші кезекте талқыланып, ұжым болып шешілуі тиіс" деді Патрисия Эспиноса.

2015 жылы 12 желтоқсанда Парижде өткен ғаламдық форумда қабылданған келісімге осы кезге дейін 175 мемлекет қол қойған.

XS
SM
MD
LG