Accessibility links

Украина ресейлік 140 мәдениет қайраткерінің елге келуіне тыйым салды


Мәскеудің Қырымды аннексиялау саясатына қолдау білдірген ресейлік өнер иелерінің Украинаға келуіне тыйым салуды қолдаушылар шарасы. (Көрнекі сурет.)

Мәскеудің Қырымды аннексиялау саясатына қолдау білдірген ресейлік өнер иелерінің Украинаға келуіне тыйым салуды қолдаушылар шарасы. (Көрнекі сурет.)

Украина қауіпсіздік қызметі ресейлік 140 мәдениет қайраткерінің ел аумағына келуіне тыйым салды. Бұл туралы Жоғарғы Радаға «Петр Порошенко блогынан» сайланған депутат Ольга Червакова Facebook әлеуметтік желісіне жариялаған арнайы қызмет органының ресми жауабынан мәлім болып отыр.

Қазанның 29-ы қабылданған құжатта Украинаға келуіне жолы жабылғандардың арасында шамамен 50 адамға қатысты тыйым 2015 жылғы желтоқсанның 3-інен күні бүгінге дейін күшінде екені жазылған. Бұл тыйым ресейлік әртістердің қызметі мен айтқандары Украинаның мүддесіне қарсы болғаны себепті қабылданды деп түсіндіріледі.

Бұған дейін Украина мәдени министрлігі, биліктің пікірі бойынша, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп саналатын тұлғалар тізіміне 83 ресейлік мәдениет қайраткерінің аты-жөні енгізілген. «Қара тізімге» ілінгендер қатарында Олег Газманов, Иосиф Кобзон, Сергей Безруков, Михаил Боярский, Николай Расторгуев, Иван Охлобыстин, Михаил Пореченков, Григорий Лепс, Владимир Бортко, Павел Лунгин, Александр Розенбаум, Василий Лановой, Дмитрий Харатьян, Олег Табаков, Наталья Варлей және басқалар бар.

Бұған қоса Украина әрдайым ықыласпен қабылдайтын ресейлік өнер иелері де бар. Мәселен, ондайлардың қатарында музыканттар Земфира, Андрей Макаревич, Юрий Шевчук, актерлер Лия Ахеджакова, Олег Басилашвили және Валентин Гафт аталады.

XS
SM
MD
LG