Accessibility links

Донбастағы жанжалға қатысқан Өскемен тұрғыны 3 жылға шартты түрде сотталды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Өскемен қалалық соты 34 жастағы жергілікті тұрғынды 2015 жылы Украинаның оңтүстік-шығысындағы жанжалға қатысқаны үшін үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды деп хабарлайды YK-news.kz сайты.

Тергеу қорытындысында Өскемен тұрғыны 2015 жылдың ақпан айында Луганск қаласына барып, Украина заңында қарастырылмаған әскери құрылымдармен байланысып, олардан әскери киім-кешек пен Калашников автоматын алып, арнайы дайындықтан өткені жазылған. Ақпан айының соңынан мамыр айына дейін Шығыс Украинада үкімет күштері мен оларға қарулы қарсылық танытқан топтар арасында шайқас болып өткен орындардан қару-жарақ, оқ-дәрі жинастырып, соғыс кезінде бүлінген техниканы жөндеу жұмыстарымен айналысқан.

Мамыр айында Ресей арқылы Өскеменге қайтып келген ол өз меншігіндегі жихаз жасайтын станогын сатып, қайтадан Шығыс Украинадағы Луганскіге кеткен. Ол жақтан тамыз айында Өскеменге қайта оралған.

«Оның қалай ұсталғаны және тергеудің мән-жайы туралы ештеңе айтылмайды. Ер адам өз кінәсін толық мойындаған. Мемлекеттік айыптаушы шетелдегі қарулы жанжалға қатысқаны үшін оған үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған» деп жазады YK-news.kz.

Донбастағы жанжалға қатысқан Өскемен тұрғынына шығарылған үкім күшіне әлі енбеген.

XS
SM
MD
LG