Accessibility links

Тереза Мэй парламентті Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына кедергі болмауға шақырды


Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй парламентті елдің Еуропа Одағынан шығуына кедергі келтірмеуге шақырды. Қарашаның 3-і күні Лондон жоғары соты британ үкіметі парламенттің мақұлдауынсыз Еуроодақ құрамынан шығу процесін («Брексит») бастай алмайды деген қаулы қабылдаған. Британ парламентіндегі депутаттардың көпшілігі елдің Еуропа Одағы мүшесі болып қалғанын қалайды. Премьер-министр Лондон жоғары сотының шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

Ұлыбритания үкіметі парламенттің келісімін күтпестен, маусымда өткен референдум нәтижесін басшылыққа алып, «Брекситті» бастап жіберу керек деп санайды. Лейбористік партия жетекшісі Джереми Корбин егер Мэй «Брекситтен» кейін еуропалық бірегей нарыққа Ұлыбританияның қолын жеткізе алмаса, онда елдің Еуропа Одағы құрамынан шығуына тосқауыл қоюға уәде еткен.

Ұлыбританияда биыл маусымның 23-і өткен референдум қорытындысы бойынша, оған қатысқан британ азаматтарының 52 пайызға жуығы елдің Еуроодақ құрамынан шығуын қолдап дауыс берген. Референдум нәтижесі жарияланғаннан кейін Брюссель Лондонды Еуропа Одағы құрамынан шығу процесін көпке созбай, тездетіп бастауға бірнеше мәрте шақырған.

Қазан айының басында Ұлыбритания премьер-министрі Мэй үкімет 2017 жылғы наурыздың соңына дейін Еуропа Одағынан шығу шарасын ресми түрде бастайтын болады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG