Accessibility links

Төлешов ісінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары да сотталды


Тоқтар Төлешов пен оның "сыбайластарының" үкімі оқылған Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты. 7 қараша 2016 жыл.

Тоқтар Төлешов пен оның "сыбайластарының" үкімі оқылған Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты. 7 қараша 2016 жыл.

Астанада бүгін "Шымкентсыра" зауытының иесі, билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталған Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша тағы лауазымды бірнеше адамға, оның ішінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаевқа үкім шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астананың мамандардырылған ауданаралық әскери сотында Төлешовтің "қылмыстық жоспарларын қолдады деп айыпталған" Ілияс Бақтыбаев 7 жыл мерзімге сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үкімі кесілді.

Судья Ербол Ахметжанов сонымен қатар осы іс бойынша айыпталған Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Хибратула Досқалиевті 5 жылға, №55652 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Қайрат Пернебаевты 3 жылға, №35748 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Бекзат Жұминді 4 жылға соттауға үкім кесті. Досқалиев пен Пернебаевтың дүние-мүлкі тәркіленбек.

Тоқтар Төлешовтің ұлы, осы іс бойынша айыпталған Төлеген Төлешов бес жыл шартты мерзімге сотталды.

2016 жылғы қаңтардың соңынан бері тергеу абақтысында отырған Тоқтар Төлешовке Ұлттық қауіпсіздік комитеті "адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, билікті күшпен басып алуды насихаттау, экстремистік топ құру, қылмыстық қауымдастық құрып, оны қаржыландыру және басшылық жасау, бандитизм, пара беру" туралы айыптар тағылғанын мәлімдеген. Кейін оған "жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырды" деген тағы бір айып тағылды.

ҰҚК "мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған" Төлешовтің жоспарын қамауда отырған бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер – бас прокурордың бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиев және тағы басқа тұлғалар қолдағанын айтқан. Тергеу болжамы бойынша, Бақтыбаев пен Досқалиев Жоғарғы сот төрағасы және ішкі істер министрі қызметтерін иеленбекші болған.

Тоқтар Төлешовтің соты 14 қыркүйекте Астанада басталып, "іс материалында мемлекеттік құпия мәліметтері болғандықтан" жабық түрде өткен.

Төлешовтің ісі бойынша сотқа 25 адам тартылған.

XS
SM
MD
LG