Accessibility links

Ақтөбеде "Донбаста соғысқан" тұрғын сотталды


Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер (Көрнекі сурет).
Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер (Көрнекі сурет).

Ақтөбе соты өзін-өзі Донецк халық республикасы (ДХР) деп жариялап алған құрылымның қатарында "Украина әскеріне қарсы соғысты" деп айыпталған Максим Ермоловқа үкім шығарды. Жергілікті тұрғын Максим Ермолов 7 қазан күні 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтейді.

Күдікті өзіне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. Айтуынша, қолына қару алып соғыспаған. Ол соңғы сөзінде Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін ғана барғанын айтты.

Ал тергеу материалдарына қарағанда, Максим Ермолов 2014 жылғы қыркүйек пен 2015 жылғы ақпан айы аралығында Украинаның Донецк облысына барып, әскери қақтығыстарға қатысқан, қолына қару алып, ДХР жетекшілерінің түрлі тапсырмаларын орындаған, Донбасстағы "Оптима" қонақ үйіне бекінген әскери бөлімді күзеткен.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Максим Ермоловты 2015 жылы ақпан айында жеке шаруаларымен Қазақстанға оралғанда ұстап, оған қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша айып таққан.

XS
SM
MD
LG