Accessibility links

Теміртауда жергілікті газет үстінен сот басталды


"Теміртау жұмысшысы" газетінің журналисі Олег Гусев пен заңгер Сергей Тимченко. Теміртау, 8 қараша 2016 жыл.
"Теміртау жұмысшысы" газетінің журналисі Олег Гусев пен заңгер Сергей Тимченко. Теміртау, 8 қараша 2016 жыл.

Теміртауда жергілікті "Теміртау жұмысшысы" газетінің редакциясы үстінен мемлекеттік жүз пайыз үлесі бар коммуналдық кәсіпорны - "Оқжетпес-Т" заңды тұлғасы іскерлік беделін қорғауды талап етіп түсірген азаматтық шағымы бойынша сот басталды. Шағым Теміртау қалалық сотында қаралып жатыр.

Шағымға газетте 2016 жылы 15 маусымда жарияланған "Теміртаулық рэкет: "Оқжетпес-Т" коммуналдық төлемдерді заңсыз алып отыр" деген тақырыппен жарияланған мақала себеп болған. Шағымданушы мақалада "коммуналдық кәсіпорынның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін ақпарат пен мәліметтер бар" дейді.

- Біз газеттегі мақала Теміртау тұрғындарының пікіріне ықпал етті деп санаймыз. Бізде төленбеген қарызы бар тұтынушылар саны артты. Төлем көлемі күрт азайды. Қазір қарыз тек артып барады, - деді бүгін сотта шағымданушы тарап өкілі Наталья Карчушкина.

Шағымданушы соттан "Теміртау жұмысшысы" басылымын "шындыққа сай емес, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін" мәліметтерді терістеуге міндеттеуді сұрайды. Кәсіпорын сонымен қатар жауапкер тараптан 1061 теңге көлемінде мемлекеттік төлемді өндіріп беруді сұрайды.

"Теміртау жұмысшысы" газетінің мүддесін қорғайтын заңгер Сергей Тымченко бүгін сотта "Оқжетпес-Т" - "көпшіліктің мүддесі бар" мекеме екенін мәлімдеді.

- Бағалау сипаттағы пікір үшін жауапкер жауап бермейді. Белгілі бір деңгейде күдік тудыратын фактілер бар. Біз автор мақалада келтірген пікірлер мен дәйектердің белгілі бір деңгейде негізі бар деп санаймыз, - деді Сергей Тымченко.

Судья тараптарды сот процесін "ұзаққа созбауды" және жарыссөзге дайындалып келуді сұрап, келесі сот отырысын 14 қарашаға белгіледі.

XS
SM
MD
LG