Accessibility links

Пәкістан National Geographic арқылы танымал әйелді елден шығарды


Фотограф Стив МакКарри Шарбат Гуланың бұрынғы және қазіргі фотоларының алдында тұр.
Фотограф Стив МакКарри Шарбат Гуланың бұрынғы және қазіргі фотоларының алдында тұр.

Пәкістан билігі National Geographic журналының 1985 жылғы мұқабасына шыққан фотосымен танымал ауғандық әйел Шарбат Гуланы елден шығарды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оны шекарадан өткізіп, Ауғанстан билігіне табыс еткен.

Пәкістан төрт балалы Гуланы өткен айда "жалған құжат жасады" деп айыптап, Пешаварда қамауға алған. Оның балалары бұған дейін Ауғанстанға депортацияланған. Ауған билігі жасы 44-тер шамасындағы Шарбат Гуланың отбасына Кабулде баспана дайын екенін мәлімдеген.

Бұған дейін "Шарбат Гуланы Кабулға тікұшақпен әкетеді, оны ел президенті Ашраф Гани қабылдайды" деп хабарлаған.

Америкалық фотограф Стив МакКарри Шарбат Гуланы 32 жыл бұрын босқындарға арналған пәкістандық лагерьден тауып, суретке түсірген. Бұл фото ұзақ жылдар бойы миллиондаған ауғанның өлімі мен елден кетуіне себепкер болған советтік оккупацияның зардабын бейнелеген. МакКарри Гуланы 2002 жылы Ауғанстаннан қайта тауып алған.

Жақында Пәкістан билігі елде тұрып жатқан тіркеусіз ауған босқындарын қыспаққа алған. БҰҰ дерегінше, Пәкістанда 1 миллион 400 мыңға жуық ауған босқыны тіркелген.

XS
SM
MD
LG