Accessibility links

ЕО Ресейдің бес депутатын санкция тізіміне қосты


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Еуропа Одағы (ЕО) Ресей Мемлекеттік думасының аннексияланған Қырымнан сайланған бес депутатын санкция салынған адамдар мен компаниялар тізіміне қосты. Мұндай шешім 9 қарашада Еуропа Одағының ресми журналында жарияланды.

Санкцияға сонымен қатар "Справедливая Россия" партиясының жетекшісі Сергей Миронов пен Қара теңіз флотының қолбасшысы Александр Витко да ілінген.

Кеше ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері Ресейдің Қырымды аннексиялап алғаны үшін жаңа санкциялар салуға келіскені белгілі болған. Бұған дейін Еуропа кеңесінің парламенттік ассамбелясы 18 қазанда Қырымда болған Мемлекеттік думаға сайлауды жарамсыз деп таныған.

Соңғы қосылған депутаттарды қоса алғанда ЕО-ның санкция салынғандар тізімінде 157 адам және 37 ресейлік компания бар. Оларға қаржылық шектеу қойылып, виза беруден бас тартылған.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Мемлекеттік дума депутаттарының санкция ілінгеніне жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Ресей Украинадан Қырым түбегін 2014 жылы наурызда - ресейшіл билік ұйымдастырған референдумнан соң аннексиялап алған. Украина мен халықаралық қауымдастық референдум қорытындысын мойындамайды.

XS
SM
MD
LG